25.04.2022
Көктемде қоршаған ортада түрлi жұқпалы ауруларды тарататын жәндiктердiң де белсендiлiгi арта түседi. Солардың бiрi — кене.
Кенелер — өрмекші тәріздестерге жататын жәндіктердің бір түрі. Кененің кей түрі ауыл шаруашылығына зор зиян келтірсе, кей түрінің пайдалы жақтары да бар. Паразитті тіршілік ететін кенелер жан-жануарлардың, адамның денесіне жабысып, қанын сорып тіршілік етеді. Олардың көптеген жұқпалы ауруларды таратушылары да бар.
Кенелердің сан алуан топтары бар. Олардың ең көп тарағандары: жайылым кенесі, су кенесі, астық кенесі, қамба кенесі, өрмеккене, берішкене, мамықкене, шашкене.
Кене энцефалиті деген не?
Кене энцефалиті – кене арқылы тарайтын, ми қабынуын және орталық жүйке қабынуын тудырып, орталық жүйке жүйесін қатты зақымдайтын, жедел өтетін жұқпалы ауру. Кейде кене энцефалитін табиғи-ошақты тайгалық энцефалит, көктемгі-жаздық энцефалит деп те атайды.
Кененiң шағуы арқылы берiлетiн жұқпалы аурулар көктем-жаз айларында жиі кездеседі. Кененiң шағуын дер кезінде байқау қиын. Себебі кене өз денесiнен арнайы ферменттер бөлiп, шаққан орнын бiлдiрмеуге тырысады. Тұмсығын терi қабатына енгiзген кене, майда қан тамырларынан қоректене бастайды. Сол жерде тойған мезетте бiрнеше мың жұмыртқаларын терi астына тастап, сол мезеттен бастап ауру белгiлерiн шақыра бастайды.