19.05.2022
ҚАЗАҚСТАН МЕКТЕПТЕРІНДЕ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУҒА АРНАЛҒАН ВЕБ-САЙТТЫҢ QR-КОДТАРЫ БАР ТАҚТАЙШАЛАР ОРНАТЫЛАДЫ
ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Балалар жылы аясында «Bala Qorgau» интернет-ресурсын іске қосты. Енді мектептерде QR-коды және «Bala Qorgau» сайтының https://bala.gov.kz мекенжайы жазылған арнайы тақтайшалар орнатылып жатыр.
QR-кодты сканерлеу арқылы оқушылар «Bala Qorgau» сайтына өтіп, өз сұрақтарын қоя алады. Оқушылар мен ата-аналар да жасырын түрде көмек сұрап, білім беру ұйымдарындағы заңсыз әрекеттер туралы хабарлай алады. Өтініш берушілердің аноним болып қалатынына кепілдік беріледі.
Бүгінгі күнге дейін Нұр-Сұлтан мен Алматының бірнеше мектебінде QR-тақтайшалар орнатылды. Алдағы уақытта олар басқа да білім беру ұйымдарында орнатылады. Қазірдің өзінде 100-ден астам өтініш түсті, олар негізінен балалар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынас мәселелеріне қатысты.