Степной орта мектебінде, екінші тоқсанның алғашқы жұмасы яғни 10- қараша күні ата-аналар үшін «Ашық есік» күні өтті. Мақсаты: ата-аналарды жаңартылған білім беру мазмұнымен жақынырақ таныстыру және мектептегі іс-шараларға белсене араласуға тарту.Ашық есік күні қонақтарды қарсы алу,тіркеу,буклеттер таратудан басталды. Балаларының мектептегі өмірімен жақынырақ танысуға ата-аналармен бірге әжелер де қызығушылық танытты. Мектеп — жас ұрпаққа білім, тәрбие беретін мекеме. Мектептегі баласының бір күндік өмірімен танысу, ата-аналардың ең басты мақсаты болды. Сондықтан, сабаққа қатысқан ата-аналар, ұстаздар қауымының, сабақтарды жаңаша әдіс-тәсілдерді қолданып өткізген сәттері қатты қызықтырғанын атап өтті.Әсіресе жаңартылған білім мазмұнына көшкен 1,2,5,7-сыныптардың сабақтарында оқушылар топпен, жұппен жұмыс істеген жағдайда, олардың сабаққа деген қызығушылығы, белсенділігі артатынын байқады.Шақырылған ата-аналар бағдарламаға сәйкес, ашық сабақтардың барлығына қатысып, оқу процесімен жақынырақ танысты.Сабақ кестесіне сәйкес 1-11 сыныптарда ашық сабақтар барлық пәндер бойынша өткізілді.
Ашық есік күні «Үлгілі дәптерлер», «Менің шағын Отаным» атты көрмелер ұйымдастырылды. Көрмеге мектебіміздегі барлық пәндер бойынша көркем, таза жазатын үлгілі дәптерлер, өз ауылын, өз Отанын әдемілеп сызған оқушылардың суреттері қойылды. Асханадан жүрек жалғап алған ата-аналар мектеп акт залына келіп, мектепшілік ата-аналар жиналысына қатысты, алғашқы сөз кезегін мектебіміздің басшысы Аубакирова К.Б. мектебіміздегі оқу, тәрбие жұмыстарына тоқталып өтті. «Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу» атты баяндамасымен таныстырды.Арықарай сөз кезегін оқу ісінің меңгерушісі Тынысбекова Б.К.жалғастырды. Жиналыс соңында бүгінгі «Ашық есік» күніне байланысты ата-аналардың пікірін білу мақсатында кері байланыс өткізілді.Ата-аналар мектеп оқушылары ұйымдастырған «Жас таланттар» ән кешін тамашалады. Өз балаларының өнерін тамашалаған ата-аналар мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымына өз ризашылықтарын білдірді.Сондай-ақ ата-аналар мен ұстаздар арасында волейбол спорт ойынынан достық кездесу өтті. Мектеп-халқымыздың ата-бабадан келе жатқан ізгі қасиеттерін, жас жеткіншектер бойына сіңіретін орта. Ендеше, рухани ұлттық қажеттілікке жараған білім ғана ең мықты білім, рухани ұлттық тәрбие нәрімен сусындаған ұрпақ қана–болашақты гүлдендіріп, тәуелсіз елді нығайтушы ұрпақ. Бала тәрбиелеу — ата-анадан басталып, мектепте жалғасып, бүкіл қоғам болып ат салысатын жауапты міндеттің ең бастысы.