Текст
23.01.2024
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен Назарбаев университетінің базасында Астана қаласы, Ақмола, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары мемлекеттік мектептері директорларының қатысуымен «Заманауи мектепті басқару: трендтер және болашақ» тақырыбындағы форумында білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.
TEDx форматындағы интерактивті сессияға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты. Еліміздің бас ұстазы отандық білім беру жүйесін дамытудың маңызды аспектілеріне тоқталып, кадрлық әлеуетті арттыруға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде министрлік ұлттық білім беру деректер базасын жетілдіру бағытында жұмыс жүргізуде. Онда білім беру ұйымы туралы мәліметтер, педагогтің жеке деректері, білім алушылардың үлгерімі мен білім сапасы және т.б. көрсетіледі.
Кездесуге Астана қаласы мен Қазақстанның төрт солтүстік облысындағы орта білім беру ұйымдарының бір жарым мыңға жуық басшысы қатысты. Олар үшін диалог алаңы ашылды. Онда жиынға қатысушыларға білім беру саласындағы бақылау және мониторинг іс-шараларының қорытындылары және биылғы жылға арналған жоспарлар туралы айтылды. Атап айтқанда: білім беру сапасын арттыру, инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту, цифрландыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқалар.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін министр Алматы қаласы, Түркістан, Жетісу және Алматы облыстары мектептерінің директорларымен кездесулер өткізген болатын. Форум еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады.
